Мобилдік бригадалар жұмысының қағидаларына енгізілген өзгерістер

 Жедел жәрдемнің келуін ұзақ күту бойынша шағымдарға байланысты және шұғыл қызмет жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанындағы жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсететін мобилдік бригадалар жұмысының қағидаларына өзгерістер енгізеді.

Бұл өзгерістер ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді және азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.

Жеделділіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты.

Сонымен, 1 мамырдан бастап не өзгереді:

● емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар жұмыс уақытында — 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады;

● өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;

● 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай, жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

Статистика көрсеткендей, жедел жәрдем шақыртуларының 50%-дан астамы жеделділіктің 4-санатына жатады және созылмалы аурулардың өршуіне байланысты.

Мұндай шақыртулар ресурстардың жедел көмекке мұқтаж, өміріне қауіп төндіретін жағдайлары бар пациенттерге бара алмай қалатынын мойындау керек.

Өзгерістер жүктемені оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға және бүкіл ЖМЖ жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Енді медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобилдік бригадалары шақыртуларға шығып, пациенттердің үйіне жоспарлы түрде баруды жүзеге асыратын болады. Бұл азаматтардың денсаулық жағдайын уақтылы бақылауды қамтамасыз етуге, әсіресе созылмалы аурулары бар пациенттердің жағдайының нашарлауына жедел ден қоюға мүмкіндік береді.