Нұр-Сұлтанда «Жол бер! Өмірді сақта!» акциясы өтті

«Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қалалық жедел медициналық жәрдем станциясымен бірлесіп, «Жол бер! Өмірді сақта!» шарасын өткізді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүру мәдениетін қалыптастыру және жедел жәрдем көлігінің шақыртуға жедел жетуіне бөгет жасаудың алдың алу мақсатында өткізілген бұл шара аясында жүргіншілерді жол жүру ережелерін сақтай отырып, дабыл қағу жүйесі қосылған жедел медициналық жәрдем көлігіне жол беруге шақырды.

 

Шараға қатысқан жедел жәрдем қызметкерлері бас қалада қоғамдық көліктерге арналған «Bus Line» жолағымен жүруге рұқсат берілуі 103-тің көздеген жеріне тез жетуіне көп мүмкіндік бергенін айтады.

«Дегенмен қаланың кейбір жолдарында «Bus Line» жоқ болғандықтан, көлік ағыны көп кездерде, кептелістен шақыртуға кешігіп баратын жағдайымыз да жоқ емес. Себебі жүргізушілердің кейбіреуі жол бермей жатады», деді қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкері Азат Раматолин.

Оның айтуынша, жедел жәрдем көлігіне жол беру бұрынғыдан әлдеқайда жақсараған.

Жедел жәрдем көлігіне жол беру жүргізушілердің мәдениетіне саяды. Қайсы елде, қандай мемлекетте болсын кез келген жүргізуші жедел жәрдем дабылын естіген сәтте жылдамдықты азайтып, жол беруге міндетті. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» №235-V ҚРЗ Кодексінің 598-бабының 1-тармағына сәйкес, бiр мезгiлде жарқылдауық маягы мен арнайы дыбыс дабылы iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермегендерге жетi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Сонымен қатар 2-тармаққа сәйкес,  оларға басымдық бермегендерге 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. 3-тармағына сәйкес, осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген белгілемеге сәйкес әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынуға әкеліп соғады.

Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бота Садетханның айтуынша, жыл басынан бастап вирустық инфекцияның өршуіне байланысты жедел медициналық көмекке жүгінушілер саны артты.

«Қалада 110-нан аса бригада медициналық көмек көрсетеді. Бірақ бұл да жеткіліксіз, себебі өтініштер көп. Емханаға барудың орнына адамдар бізге қоңырау шалуға әдеттенген. Күн сайын диспетчерлік қызметке 4000-нан астам қоңырау келіп түседі», - деді Бота Садетхан.